Шығыс Қазақстан облысы Қабырғаталдан жаңадан табылған көне түрк бітік жазулы ескерткіш
Жалпы мәлімет
Көне түрк бітік жазулы ескерткіштер Еуразия кеңістігінде молынан кездеседі . Бұл көне түріктердің жазба мәдениеті сонау VI-IX ғасырларда кеңінен қолданғанын айқын дәлелдері. Орталық Азияда, оның ішінде қазіргі Қазақстан территориясында 1985- 2008 жылдары көне түрік жазулы (көне түрік дәуірінің 3 айнадағы 3 мәтін, тас құралда 1 мәтін, жартастағы 1 мәтін) 5 ескерткіш табылған болатын . Ал, 2009-2012 жылдары аралығында жүргізілген археологиялық экспедициялар барысында жаңадан 5 ескерткіш табылып отыр . Атап айтсақ, Үржар, Ертіс, Елек өзендері бойынан табылған қола айналар, Тараз тас құралы, Қойтүбек (Марқакөл), Таңбалы тас, Ақтерек, Құлжабасы, Кемер, Қотыр, Баянжүрек жартастарындағы мәтіндер бар.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облысынан 2015 жылы жаңадан анықталыған тастағы мәтін туралы өзіміздің алғашқы зерттеулерімізді ұсынып отырмыз. Ол кішігірім құрал іспетті сынық тасты 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қабырғатал фермасы төңірегінен аталмыш шаруа қожалық иесі, Қашқынбаев Асқар Бидахметұлы (1961 жылы туған) алғаш тауып алған екен. Қабырғатал фермасы Боран – Күршім тас жолынан солтүстік-батыс бағытта 4 шақырым, Теріскей Бөкенбай ауылынан оңтүстік-шығысқа 13 шақырым жерде орналасқан.
Аталмыш қара түсті (гранит) тасты 2015 жылы ауданға ғылыми зерттеу жұмыстарымен барған Алтай археологиялық экспедициясының жетекшісі Ғани Қалиханұлы Омаровқа тапсырған.
Тас табылған жері: N 48̊ 20'17,9" E 084̊ 33'36,8", теңіз деңгейіне алғандағы биіктігі 600 м.
Сақталып қалған сынық тастың өңделінген бетінде 8 таңба-әріп үшкір затпен қашалған. Таңба әріптер екі қатарда бейнеленген. Бірінші қатарда 7 таңба, екінші қатарда 1 ғана таңба байқалады. Бірінші қатардағы таңбалар ұзына бойы 8 см болатын жолаққа түзу сызық бойымен орналасқан. Осы қатардағы бір таңба қайталанады. Қара тастың бергі беті арнайы таңбалау, жазу түсіру үшін тегістеліп, қашалғаны аңғарылады, арғы бетінде қандай да бір жазу мәтін жоқ. Тастың қырлары кедір-бұдырлы, адам қолына ұстағанға ыңғайлы етіп істелген. Біздің жорамал бойынша таңбалы тас бастапқы кезде еңбек құралы ретінде пайдаланылған болуы мүмкін. Өкінішті сол, тастың екінші бөлігін табу мүмкін болмады. Көне түрік мәтінді тастың екінші жартысын табу, ғалымдардың жазуды толық оқуына ықпал ететіні анық.
Сынық тастың жалпы көлемі 11,1 см x 8,6-9,9 см x 1,5-2 см.
Мәтін
Мәтін транскрипциясы: Er atïm Taγran .... š?
Қазақшасы: Ер (батыр) атым Тағран ..... ш ?
Осы тастың мәтініне ұқсас "ер атым... " деген тұрақты қолданыс түрік дәуірінде кеңінен таралған, ондай жазулар Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Тыва, Хакасия және басқа аумақтарда молынан кездеседі. Ал осы жолдағы көне түрік батырдың есімі taγun // ataγ деп оқылуы мүмкіндігі болғанымен, оның есімін қашап таңбалағанда Талас көне түрік бітік ескерткіштерінде жиі кездесетін γ (ғ) , ü (ө,ү) және r (р) , q (қ) таңбаларын өзара алмастырып қолданатындығы байқалады. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қабырғатал фермасы төңірегінен табылған аталмыш тастағы мәтін көне түріктердің киелі мекені Алтай тауы өңірінен батыс бөлігінен табылуы табиға заңдылық. Бұл тастағы көне түрік мәтінінің таңба-графикалық ерекшелігі Талас ескерткіштеріне жақын. Сондықтан аталмыш тастағы мәтіннің хронологиясы Он оқ, Түргеш (VIII-IX ғасырларға ) дәуіріне қатысты болуы ықтимал.
Пікір қалдыру