Ұлық ұлыс (Алтын орда) мемлекетінің нумизматикалық кешендері
Жалпы мәлімет
Ұлық ұлық (Алтын Орда) мемлекеті дәуірінің бастапқы кезеңдеріндегі алғашқы монеталар Мөңке қаған (1251-1259жж.), Арық Бұқа (1259-1264жж.) , бағдат халифаты Ан-Насир ад-дин атымен соғылған болатын. Батұ хан (1256ж.), Берке хан (1256-1266жж.) Меңгү Темір (1266-1282 жж.) , Тұда Меңгү (1282-1286 жж.), Тұла Бұға (1287-1290жж.) заманындағы нумизматикалық артефактілері Бұлғар қаласымен тығыз байланысты болды. Бұлғар қаласы теңге соғылымдарының алғашқы ірі орталығы болды. Одан кейін теңге соғатын сарайлары Сарай, Бұлғар, Қырым, Хорезм секілді қалаларында шоғырланған болатын.
Тоқтоға мен Өзбек (1310-1340) хандар билігі кезеңдерінде ақша айналымындағы күміс теңгелердің салмағын реттеу реформалық істері жүргізілді, теңгелердің қолданыс аумақтары да кеңейді. Әсіресе дирхем күміс теңгелері Үкек, Сарай әл-Махрұс, Есікші, Бұлғар, Хорезм, Моқшы, Азақ, Сығнақ қалаларындағы теңге сарайларында молынан соғылып тұрды. Жәнібек пен Тоқтамыс хандар дәуірінде шамамен 1,50-1,60 гр. салмақты дирхем және алуан түрлі пұл монеталары кеңінен соғыла бастады.
Ұлық ұлыстың Сарай әл-Жадид, Гүлістан, Сарайчұқ (Сарайшық), Қажы тархан, Орда әл-Мұғаззам, Шаһр әл-Жадид, Мажар, Кефе, Ел-үй Мұғаззам, Ордұ Базар, Жүнді Базар, Бемір бек Базар, Бек Базар, Жеті Бек Базар, Үргеніш, Биляр, Керман және басқа қалаларында динар (алтын теңге), дирхем (күміс теңге), пұл, «деңг (теңге)» (мыс теңге) сынды атаулы монеталар аса мол мөлшерде соғылып ақша айналымында кеңінен қолданылды.
Кейбір монеталарда «йармақ» (алтын, күміс жарты өлшемді ақша) атауды да қолданған. Бұл жарты дирхем деген сөз. Ал «пұл», «деңг//даңге (теңге)» атаулары мыс тиындарға қолданылды. Ұлық ұлыс мемлекеті дәуірінде шамамен есептегенде 1 динар алтын ақша - 6 дирхем күміске , 1 дирхем – 2 деңге (теңге) салмағымен пара-пар болса, «1 денг (даник)- 16 пұл» тиынға бағаланды. Ал кейбір сауда айналымында күміс құйма «сом» да қолданыста болды, 1 сом (шамамен 150-200 гр.) - 150 дирхем теңгемен тең деп есептелінді.
Ұлық ұлыстың теңгелерде билік иесінің аты, таңбасы, соғылған қала атауы, хижра жылы және мұсылмандық «калима» секілді мәтіндер, «құтты болсын» дегендей тілек жазулары бедерленіп соғылған. Мыс тиындарында исламдық эпитет мәтіндер жазылмайды. Сонымен қатар кейбір монеталарда ескі ұйғыр жазуымен «Тоқтоға», «Жәнібек», «Тоқтамыс», «құтлұғ болсын» сынды дәстүрлі мәтіндер қолданған.
Күміс және мыс теңгелерде әртүрлі суреттер бейнеленіп соғылып тұрды. Онда күн мен арыстан (Сарай, Азақ соғылымы), күн мен шаян, жұлдыз, бесбұрыш, тауыс құс, аққу, екі басты бүркіт (Сарай әл-Жадид, Гүлістан соғылымы), қаблан, арқар, марал, жылқы, ер тұрманды ат, салт атты, түйе, құлан, қос балық, садақ пен оқ, таразы, құмыра мен көзе, жарты ай мен таңба, адам беті, бала мен анасы, гүл пішінді өрнек оюлар безендірілген еді.
Ғылыми әдебиет
1. Френ Х.М. Монеты ханов Улуса Джучиев или Золотой Орды с монетами разных иных мухамеданиских династий правления. -Спб,1832.,
2. Савельев П.С. Монеты джучидские, джагатайские, джелаиридские и другие, обращавшиеся в Золотой Орде в эпоху Тохтамыша. // выпуск. I-III, ТВОРАО, -СПб, 1858. -1-340.
3. Сингатуллина А.З. Джучидские монеты. Поволжских городов XIII века. // -Казань: «Заман», 2003.-192 с.,
4. Федоров-Давыдов Г.А. Денежное дело Золотой Орды. - М.; Палеограф, 2003. -352 с., 40 с ил.
5. Самашев З., Бурнашева Р., Базылхан Н., Плахов С. Сарайшық тиындары. Монеты Сарайчика . – Алматы: ТОО Археология, ТОО Grapho-art, 2006. – 126 с. ;
6. Қазақстанның нумизматикалық мұрасы. Нумизматические наследие Казахстана. The Numismatic Heritage of Kazakhstan. Руководитель проекта: Нурсан Алимбай. Составители: Базылхан Н., Какабаев Б.С., Бурнашева Р.З., Петров П.Н., Жолдасбаева Д. –Алматы, 2008.- 87-с.
7. zeno.ru // https://www.zeno.ru/showgallery.php?cat=2
Пікір қалдыру
Асылжан24 Желтоқсан, 2020
Ұлық ұлыс дегенді қайдан алдыңдар? Кім шығарып жүр? Ешқандай да Ұлық ұлыс емес, Алтын Орда деп аталған. Ешқандай деректе жоқ сөзді шығарып аласыңдар болмаса біреу айтса болды, соның айтқанына еріп кете бересіңдер. Сол дәуірдегі деректерді оқысаңдаршы алдымен. Барлығында Алтын Орда және осы атау қандай әдемі?! Өзіме осы атау ұнайды және бұл тарихи атауы. Сондықтан Ұлық ұлыс дегенді қойыңдар, Алтын орда деп жазыңдар.
Администратор26 Мамыр, 2021
http://atalarmirasi.org/121-toqtamys-khannynh-1380-1395zhzh-zharlyqty-khaty-1393-zh
Администратор26 Мамыр, 2021
Тоқтамыш ханның жарлығында Ұлық ұлыс деп ресми түрде аталады.