Түрк елінің батыс қанаты дәуірі нумизматикалық тарихы
Жалпы мәлімет
Орталық Азия оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызтан жерлерінде Түрк Елінің батыс қанатының ру-тайпалары мекендеген, қаған, тегін, йабғұ атақтылары билік жүргізген еді, бұл жерлер көне түріктердің ежелгі қоныстарының бірі. Мұнда жібек жолы тораптарының ірілері санатында Тараз, Суяб, Отырар, Шаш сияқты көптеген қалалар болды.
Қазақ жері сол дәуірлерде еуразиялық ұлы империя Түрк Елінің (Бұмын, Естемі т.б. қағандар), Батыс түрік қанаты, он оқ, түргеш, оғұз, қарлұқ, қыпшақ ұлыстардың иелігінде болды. Әсіресе, Жетісу өңірінде он оқ, түргеш, қыпшақ, оғұз, қарлұқтар және соғдылар Батыс түрік қанатының этнотектілігін айшықтады.
Батыс Түрк қағандығының астанасы – Суяб қаласы болды. Және Құңғұт, Тараз, Мерке, Испиджаб (Шымкент), Тарбан (Отырар), Атлақ, Құлан, Қайалық, Барсхан және тағы басқа қала-қалашықтары бой көтерді.
Қытай жазбаларында Суяб, Соғдиана, Мыңбұлақ, Талас, Сяогу, Ақсу, Күнгу, Шаш, Ферғана қалалары жайында біршама деректер бар. Мысалы,
« Суяб - Тұнықкөлден (Ыстық көлден) солтүстік батысқа қарай 500 ли (1 ли-0,5 км) жүргенде өзен бойындағы қалаға жеттік. Бұл қаланың айналасы 6-7 ли келеді. Мұнда әр елдің саудагерлері мен хулар (соғдылар) аралас өмір сүреді. Жерінің табиғаты тары, бидай және жүзім өсіруге жарамды, мұнда орман тоғай сирек кезедседі. Ауа райысуых әрі боранды, тұрғындары киізден және шекпеннен тігілген киімдер киеді. Суябтан батысқа қарай өзара тәуелсіз ондаған қала орналасқан. Олардың әр қайсысының өз биелушісі бар. Олар бір-біріне өзара тәуелді болғанымен, алайда барлығы түгелдей түріктерге бағынышты».
«Соғдиана- тұрғындары жарым-жартылай егіншілікпен, жарым-жартысы саудамен айналысады»,
«Мыңбұлақ – Суябтан -40 ли жерде. Түрк қағаны жыл сайын осы жерде жайлайды. Мұнда қоңырау-сылдырмақтар тағып , сәндеп өсірілген көп бұғы табыны бар. Бұл бұғылар қолға үйретілген, кісілерге үйірсек болғаны сондай, үркіп-қашқанды білмейді. Түрк қағаны бұғыларды ұнатып-аялайтыны соншалық, қол астындағы бұқараға оларды аулауына мүлде тыйым салған, кімді-кім бұғыларды өлтірсе, ол рақымсыз жазалансын деп жарлық шығарған. Сөйтіп, бұғы табыны қорғауға алынып, өз ажалымен өлгенге дейін ғұмыр сүретін болған »
«Талас (Тараз ) - Мыңбұлақтан 150 ли . Қаланың айналасы 8-9 ли. Онда әр елден келген саудагерлер мен хулар (соғдылар) бірге өмір сүреді. »
«Самарқанд мемлекеті -..әр елдің асыл заттары мен ерекше өнімдері осында айбырас саудаға салынады. » (Қытай деректемелері, 1 . 17-30 бб.)[1]
Сол дәуірдің айғақтары ретінде бүгінгі Қазақстан (әсіресе Оңтүстік Қазақстан ) аумағында және де Өзбекстан, Қырғызстан жерлерінде көне соғды жазулы тиындар, түрік бітік жазулы ескерткіштер, қорған, бәдіз тасмүсін, балбал секілді жәдігерлер молынан кездеседі. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу бойында, Өзбекстанның Шаш, Ферғана, Қырғызстанның Талас өңірінде сауда саттық қатынастардың айқын фактілері әр түрлі тиындар ақша айналымында қолданылды, олар ерекше қарқынды дамыған еді.
Батыс Түрк қанатын билеушлері қаған атынан және олардың тегіндері мен тұдұндары атынан шығарып тұрған тиындары қазіргі Өзбекстанның Канка, Құлақтепе, Ақтепе, Ханабад, Кавардан, Киндиктепе секілді аумақтарынан молынан табылып отыр.
Сүңгілі ұзын найзалы көне түрік әскерлері 563-576 жылдары эфталиттерді жаулап алып, 571 жылы сасанидтік Иранға шабуылдап, 576 жылы Керч (Босфорос) қамалына, одан бес жылдан кейін Византиялықтардың иелігіндегі Керсонесос қамалына дейін жеткен еді.
Естемі қаған кезінде Хорезм, Бұқара, Соғды, Ферғана, Шаш иеліктері түріктердің билік астында болды.
Түрк елінің батыс бөлігі туралы деректерге қарап Түрк елінің батысы Темір қақпаға дейін созылғаны, ол аралықта Кеңү тарман, Жер Байырқұ, Қара Түргеш, Соғды, Берчекер, Бұқарақ ұлыс, Құрұдын деген атаулардың кездесетінін көруге болады.
Түрктер 588-589 жылдары Бактрия, Тохаристанды, Кундуз, Балхты қол астына қаратты, Гератқа дейін жеткен еді.
Батыс Түрк қанаты өзінің қол астына Орта Азия әсіресе Шаш, Фергана, Уструшана, Соғды, Бұхара және Тохаристан жеке-жеке өңірлерді қаратқан соң, өздерінің жергілікті билеушілерді аталмыш аумақтарды билетті. Демек 580-590 жылдары Тардұ қаған (576-603 жылдары билік құрған) немесе Қара Чұрын өзінің тегіндерін, атап айтқанда Ел Арсланды Бұхара өңірін билетуге жөнелтті. Тағы бір ұлын Тохаристанды билетуге жіберді [Бабаяров, 2007.].
Сондай-ақ 611-618 жылдары билік құрған Шегуй қаған және 618-630 жылдары билік құрған Тұн Йабғұ-қаған өз ұлдарын Шаш, Ферғана, Бұхара өңірлерін билетуге жіберді.
[1] Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. I том. Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалар. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005.- 396 б.
Пікір қалдыру