Орталық Азиядағы тасмүсін бәдіздердің хронологиясы
Жалпы мәлімет
Тасмүсін жасау яғни бәдіз қашау дәстүрінің бастауы сонау қола дәуірі, скиф, сармат, ғұндар кезеңдеріне қатысты және ол кезеңдерде Еуразия аумағында бұғытастар мен меңгірлер кең таралған еді. Көне түрк дәуірінде бәдіз қашау өнері өте қарқынды түрде дами бастады. Бұл Түрк империясының әлемдік сахнадағы рөлімен тығыз байланысты.
Еуразия даласындағы бәдіздердің мерзімдері туралы бірнеше ғылыми ұсыныстар бар. Мысалы, Еуразиядағы байырғы бәдіздерді Я.А. Шер қола, скиф, таштық мәдениетінің бәдіздері, көне түрк, қыпшақ-«половец» «тас бабалары» деп топтастырады [Шер, 1966, 3-5-бб.].
А.Х. Марғұлан қазақ даласындағы бәдіздерді көне түрк дәуіріне дейін, Түрк қағандығы (VI-VIII ғғ.) және қарлұқ, қыпшақ заманы (VIII-XIIIғғ.) деп топтастырған еді [Маргулан, 2003, 22-45-бб.].
Қазақ Алтайы мен Жетісу өңіріндегі бәдіздерді А.А. Чариков көне түрк (VI-VIII ғғ. - IX ғ.басы), қыпшақ (половец) бәдіздері (XII ғ.- XIII ғ. бас ширегі) және ұстын (стела) ескерткіш (XII-XIII ғғ.) деп топтама жасаған [Чариков, 1986].
Л.С.Гераськова Евразиялық бәдіздерді иконографиялық тұрғыдан негізгі 4 түрге бөлген [Гераськова, 1999, 119-143-бб.].
Моңғол археолог ғалымы Д. Баяр қазіргі Моңғолия жеріндегі бәдіздерді тарихи-мәдени тұрғыдан көне түрк (VI-VIII ғғ.), ұйғыр этнос саяси бірлестігі (VIII-X ғғ.), кидан (X-XII ғғ.), моңғол дәуірінің бәдіздері (XIII-XIVғғ.) [Баяр, 2002, 170-б.] деген топтарға бөледі.
Л.Н. Ермоленко Қазақстан, Орта Азиядағы бәдіздерді - көне түрк (VI/VII-VIII/IX ғғ.), қыпшақ бейнелі бәдіздер (IX-XIII ғғ.) деген 2 үлкен топқа бөліп қарастырған [Ермоленко, 2004, 47-б.].
Осылайша зерттеушілер Орталық Азиядағы бәдіздерді әр түрлі мерзімдерге теліп, топтастырып белгілеп келеді. Бәдіздерді мерзімдеудің тағы бір жолы бар. Ғұрыптық кешендердің салынған мерзімін анықтауда археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін жазба деректерімен, этнографиялық материалдарымен ұштастырып тарихи-салыстырмалы кешенді зерттеу нақты қорытынды шығаруға мүмкіндік береді. Себебі, көне түрктердің ғұрыптық кешендері жерлеу орындар болмағандықтан онда мерзімдеуге қажетті материалдық қалдықтар сирек кездеседі.
Көне түрк ғұрыптық кешендерін зерттеудегі тарихи маңызды деректердің бірі –олардың құрамдас бөліктеріне нақышталған таңбалар мен белгілер, ою-өрнектер, жануарлар бейнесі. Осылар арқылы бәдіздердің орнатылған мерзімін анықтауға, этномәдени болмысын тағы басқа қыр-сырларын айқындауға толық болады. Мәселен, «қаған» таңбасы (арқар, тауешкі іспетті) көбінесе қаған, тегіндерге қатысты ғұрыптық кешендерінде міндетті түрде кездеседі [Самашев, Базылхан, 2008; Самашев, Базылхан, 2010]. Сондай-ақ, бәдіздерде салынған немесе сол бәдіздер орнатылған ғұрыптық кешен бөліктерінде қашалған таңбалар мен белгілер арқылы сол кезеңдердегі белгілі бір ру-тайпа өкілдерінің этникалық тегін де айқындауға да болады.
Түріктердің мәдени кешендерінің әр түрлі салалары бойынша ғалымдар еңбек етіп келе жатыр. Мысалы, байырғы түрк тілінің даму сатысын Н.А. Баскаков - алтайлық дәуірі, - ғұн дәуірі, - көне түрк дәуірі V-X ғғ. ( тукюй тілі, V-VIII ғғ., көне ұйғыр тілі VIII-IX ғғ., көне қырғыз тілі, IX-X ғғ.) деп топтастырады [Баскаков, 1969, 148-166-бб.]. С.Г. Кляшторный бұл мәселені тарихи-саяси (этникалық) тұрғыдан қарап, көне түрк жазба ескерткіштерін -шығыс түрк қағандығының (VII-VIII ғғ.), қырғыз қағандығының (VII-XII ғғ.), құрықан (VIII-X ғғ.), батыс түрк қағандығының (716-739 жж.) , ұйғыр қағандығының (VIII-IX ғғ.), шығыс түркістан (IX-X ғғ.), хазар-бұлғар ескерткіштері деп топтастырады [Кляшторный, 2003, 44-б.].
Көне түрктердің бітіктастар орнатылған ғұрыптық кешендеріндегі бәдіздердің көбісінің мерзімі анық, дегенмен алғашқы орнатылған орнынан әр түрлі себептермен ажыратылған үлгілерінің қай уақытқа жататынын анықтау қиын түседі.
Көне түрк дәуіріндегі бітіктастарда аталатын оғыз, тоғыз оғыз, сегіз оғыз, үш оғыз, түргеш, он оқ, құрықан, үш құрықан, байырқұ, ұйғыр, он ұйғыр, қырқыз, чік, қарлұқ, басмыл, отұз татар, қытан, татабы және т.б. көптеген көшпелi этностарға қатысты бәдіздерді анықтау қажет. Өйткені аталмыш этностардың этномәдени болмысының айрықша жәдігерлері болып табылатын бәдіздер де бізге көптеген мағлұматтарды жеткізіп отыр.
Түптеп келгенде, көне түрк мәдени кешенін жан-жақты зерттеудің арқасында ғана бәдізтану саласында нақты ғылыми дәлелденген түйін шығаруға болады деп сенеміз.
Қазіргі шығыс Моңғолиядан Орталық Еуропадағы Эльба өзені бойына дейінгі кеңістіктегі көшпелілердің әр түрлі тарихи кезеңдерге қатысты адам бейнелі тасмүсіндердің басым тобы VI-XIV ғасырлар аралығында жасалып қашалған.
Көне түрк дәуірінің тасмүсін өнерінің ерекше туындыларын Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Алтай, Хакасия, Тыва, Шығыс Түркістан (ҚХР), Ішкі Моңғолия (ҚХР) және басқа жерлерде кездеседі және қазіргі кезде олардың жалпы саны бес мыңдай болуы мүмкін деген болжам бар. Түрк дәуірінен кейін сол тарихи сабақтастық дәстүр бойынша «моңғол», «қыпшақ» типті бәдіздер де кең таралды. «Моңғол» типті бәдіздер қазіргі Моңғолияның оңтүстік шығыс аумағында кездессе, «қыпшақ» типті бәдіздер Қазақстан, Оңтүстік Орал, Украина жерлерінде көптеп ұшырасады.
Орталық Азиядағы көне түрк дәуірінің тасмүсін бәдіздерін :
I. Қаған, тегіндердің бәдіздері (Білге қаған, Күлтегін, «Шивээт толгой», «Шивээт улаан», «Өнгөт», «Тарни» , «Шатар чулуу», «Тоглохын тал» және т.б.),
II. Жоғары билік иелердің бәдіздері (Білге Тоңықұқ Бойла баға тархан, Чықан Күлі-чұр, Алтын тамған тархан, «Дадга», «Нарийн хоолой» және т.б.),
III. Батыр, бекзат және ру басы тұлғалардың бәдіздері деген шартты үш топқа бөліп қарастырамыз.
Аталмыш бәдіздерде көне түрк қоғамындағы лауазымды билік тұлғалардың бөрік-тымағы, тон-шапаны, сақал-мұрты, шаш-бұрымы, белдік-белбеуі, әшекей-бұйымдары, қару-жарақтары, ыдыс-аяқтары секілді заттары көркем бейнеленді. Аталмыш үш топтағы бәдіздердің өзара ерекшеліктері бар екендігін аңғаруға болады.
Көне түрк қоғамында қағаннан бастап қарапайым қара халыққа дейін ата-бабаларына деген тағзым, батыр ерлеріне деген сый құрмет айрықша орын алды. Сол кездердегі соғыс пен жорықтарда ел мен халықты қорғаушысы, елдің еркін салтанатты тіршілігін сақтаушысы ер азаматтар болды. Баһадүр ерлердің қазасы, олардың Тәңірге ұшып кетуі ел-жұрт үшін қасірет, қатты қайғы, «көзден жас, көңілден ес кеткен» азалы кездер болды. Сол себептен де қаған, тегін, билік тұлғалары мен батыр, бекзат ерлерін еске алу, аруағына тағзым ету этномәдени үрдіс көне түрк дәуірінде айрықша әлеуметтік маңызды болды, ал марқұмның бейнесін бәдіздеу кең таралған дәстүр болып бек мықты қалыптасты, ұлаң-ғайыр жерлерде кең таралды.
Негізінен Түрк империясынан кейін де бәдіз өнері өзінің жалғастығын тапқаны белгілі. Солардың ішінде Шығыс Еуропа өңірінде аса көп тараған қыпшақ (половец, коман) бәдіздерінде киім-кешек, қару-жарақ және т.б. атрибуттары аса бір шеберлікпен көркемділікпен айшықталғанын ерекше атаған жөн . Бұл дәстүр кейінірек қазақтарда және басқа түрк тектес халықтарда ислам дінінің канондарына үйлесе отырып , мысалы, құлпытас ретінде көрініс тапты.
Бүгінгі күнге жеткен көне түрк бәдіздердің көпшілігінің басы тұсы жоғалғаны мол кездеседі. Әсіресе қазіргі Моңғолияда жиі ұшырасады. Мұны зерттеушілер әр түрлі жорамалдайды, кейбіреулері оның себебін көне түрктердің қас жаулары бүлдірген десе, енді біреулері Тәңірлік дүниетанымға қарсы басқа діннің әсерінен бүлінген деп қарастырады. Шындығында, бәдіздердің бүлінуіне, сақталмауына табиғи, діни, саяси («мәдени жорық») секілді алуан түрлі факторлар қатты әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан бәдіздерді түгендеу, сақтау, тұмшалау, жаңғырту секілді жұмыстарды іске асыру, олардың тарихи мәдени жақтарын егжей-тегжейлі зерттеу, ғылыми-танымдық тұрғыдан музей құру, көрмелер ұйымдастырып насихаттау өзекті мәселелердің бірі .
Ата-бабаларымыз өздерінің айқын бейнесін тастан қашап бәдіздер арқылы бізге жеткізді, қасиетті асыл өсиеттерін мәңгілік тасқа қашап жазу арқылы бізге қалдырды. Қазір Еуразия даласында кеңінен тараған көне түрктердің бәдіздерін кешенді ғылыми зерттеу істері бұдан ары да жалғаса беретіні даусыз.
Пікір қалдыру