Моңғол дәуірінің бәдіздері (XIII-XIV)

Жалпы мәлімет

Көне түрк  бәдіз қашау, тасмүсін жасау дәстүрлі өнері, одан кейінгі кезеңдерде  моңғолдарда да  жалғасын тапты. Олардың көпшілігі,  қазіргі Моңғолияның шығыс оңтүстік аумақтарында анықталған. Жалпы, байырғы моңғолдарда  бәдіз  қашау дәстүрі болғандығы  туралы  алғашқы пікірді В.В. Бартольд 1921 жылы ұсынған  болатын [Бартольд, 1966, 377-396].

«Дариганга тасмүсіні» деген  ерекше бітімді бәдіздердің бірсыпырасының 17 данасын алғаш рет В.А.Казакевич 1927 жылдары анықтап, әуелі  көне түрк дәуіріне,  одан кейін 1934 жылғы зерттеулерінде кидандарға қатысты деген болатын.  Ал, 1927 ж. А. Амстердамская Хэнтий аймағы Өндөрхаан сұмыны  жергілікті тұрғындар  «Гэлэн чулуу» ("Сопытасы") деп атайтын  орындыққа отырған бейнелі бәдізді зерттеді.

Моңғолия Ғылым Академиясының  Тарих институты тарапынан  1961 ж. ұйымдастырған   экспедиция тобы  Н.Сэр-Оджав, Д.Дорж, В.В. Волков  қатарлы ғалымдар Сүхбаатар аймағы  9 сұмынындағы (сұмын- ең кіші әкімшілік бірлік) тасмүсіндерді кеңінен зерттеп, жаңа бірнеше тасмүсін бәдізді тапқан еді.  Олардың ғылыми есебінде: «...бұл  тасмүсіндер  көне түрк дәуірінен  кейінгі кезеңдерге қатыстылығы жайындағы пікірлерді жан-жақты одан ары зерттеуіміз қажет» делінген.

Сондай-ақ,  моңғол археологы Х.Пэрлээ  Өвөрхангай аймағы жеріндегі бірнеше бәдіздерді зерттеп, ол бәдіздерді жергілікті халықтың ежелден  кие тұтып құрметтеп келгендігі жайында   қызықты мақала жариялады.  Сонымен қатар,  тарихшы Г.Сүхбаатар аталмыш тасмүсіндерді    Тоба мемлекеті  дәуіріне қатысты деді,  ал  Д.Наваан, С.Г.Кляшторный Шығыс Моңғолиядағы бәдіздердің зерттелуі  туралы  мақалаларын жариялады.

Этнограф ғалым Л.Л. Викторова 1967-1969 жылдары Шығыс Моңғолияда зерттеу жүргізіп, 1980 жылы аталмыш тасмүсін бәдіздерде бейнеленген шапан, бұрым шаштарының ерекшеліктеріне негіздеп  оларды  моңғол дәуіріне қатысты,  XIII-XIV ғасырларға тән "моңғол типті"  деген пікір ұсынды  [Викторова, 1980, 39 б.].

Моңғол археологы Д. Баяр жетекшілік еткен экспедиция  1981-1985 жж. Сүхбаатар аймағы  Дарьганга, Наран, Онгон, Эрдэнгэцагаан, Баяндэлгэр, Асгат, Халзан сұмындарындағы 53  бәдізді зерттеп,  бұдан 23 жаңа бәдізді жаңадан тауып анықтады   [Баяр, 1985, 158 б.].  Ол  69 бәдіздің  ғылыми сипаттамасын толық  жасап,  тасмүсіндердегі  бас киім, киім кешек үлгілері,  белдік, шаш бұрымдары, отырған орындық  және басқа тұстарын  жан-жақты салыстырмалы зерттеу жүргізе келе,  оларды моңғол типті  бәдіз яғни  XII- XIII ғасырларға қатыстылығын дәлелдеді  [Баяр, 2002].

Моңғол дәуірінің  бәдізді тасмүсіндері   орналасқан белгілі бір  ғұрыптық кешендері әуелі  дөңгелек пішінді 3-12 метр  шеңберлі тас үйінділерден жасалынды, ал  бәдіздердің  көпшілігі отырысты,  бір қолында тостаған ұстаған,  жалпы бас киімді  тұлғасында  бейнеленгенімен ерекшеленеді.

Ғылыми әдебиет

Викторова Л.Л.  Монголы. Происхождение народа и истоки культуры. –М., 1980.-224с.

Баяр Д. Каменные изваяния из Сухэ-баторского аймака // Древние культуры Монголии. –Новосибирск, 1985. –С. 148-159.

Мэнэс Г. К археологической характеристике северо-восточной и западной групп каменных статуи монгольского времени // SA, T. XV, f. 8. -Улаанбаатар, 1995, 73-86

Баяр Д. Монголчуудын чулуун хөрөг XIII-XIV зуун. -Улаанбаатар, 2002. -256.    

Цэвээндорж Д., Баяр Д., Цэрэндагва Я., Очирхуяг Ц.   Археология Монголии. - Улаанбаатар, 2008. - 239.

Пікір қалдыру